Жаңалықтар

3 инфекциялық стационар жабылды

Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында облыстық санитарлықэпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Дәулетова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаева аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады.

Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша 25 жағдай тіркелді. Оның 19-ында ауру белгілері байқалса, 6-уы — симптомсыз.

​​​​Гүлбану Дәулетованың айтуынша, жалпы бүгінге дейін облыста қауіпті індетті жұқтырғандардың саны 34084-ке жеткен.  Оның 0,7 пайызы сырттан келген, 11,9 пайызы ауру адаммен қарым-қатынаста болған, 87,3 пайызы — жергілікті жағдайлар.

​​​Қазіргі таңда үй карантиніне 8310 адам алынды, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Облыста эпидемияға қарсы ісшаралар бойынша рейдтік тексерулер жалғасуда. Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес, биыл «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекстің 425-бабы бойынша анықталған құқықбұзушылықтар үшін 92 378 405 теңге көлемінде 936 айыппұл салынған.

Облыс 17 қазаннан бастап «жасыл» аймақта екенін білесіздер. Осыған байланысты облыстың бас санитарлық дәрігері міндетін атқарушысының жаңа Қаулысы шығарылды. Қаулыға сәйкес «Ashyq» жобасына қатыспайтын әлеуметтікэкономикалық объектілер, караоке, ойын, лотерея және түнгі клубтарының, букмекерлік кеңселердің жұмысына, сондай-ақ адамдар көп жиналатын конференциялар, форумдар мен ойын-сауық, мерекелік корпоративтерін, басқа да ісшараларды, көрмелерді өткізуге тыйым салынады. Ал «Ashyq» жобасына қатысушыларға түнгі 3-ке дейін жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Сенбіжексенбі күндері келушілердің «жасыл» статусы болуы тиіс, — деді Гүлбану Дәулетова.  

Соңғы аптада коронавирус инфекциясынан 8 адам қайтыс болған. Облыстағы инфекциялық ауруханаларда 238, жансақтау бөлімшелерінде 28 науқас ем қабылдауда. Сондай-ақ індет жұқтырғандардың 49-ы — бала, 29-ы — жүкті әйел. Бүгінде оларға тиісті ем-шара жүргізілуде.

— Соңғы тәулікте жедел жәрдем қызметіне 1105 өтініш түссе, оның ішінде КВИ бойынша 6, пневмониямен 19 науқас ауруханаға жеткізілді. Барлық кереуеттер саны 2729. Ақтөбе қаласында коронавирус инфекциясын тестілейтін 12 зертхана жұмыс істеп тұр.

Вакциналау жұмыстары да жүйелі жалғасуда. Биыл ақпан айынан бастап өңірімізге 767 790 доза вакцина жеткізілді. Бүгінде бірінші компонентін 332 703, екінші компонентін 302 457 адам алды.

Эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуына байланысты облыс бойынша инфекциялық стационарлардағы орын саны 1880-нен 670 кереуетке дейін қысқартылды. Ақтөбе қаласында 6 инфекциялық стацонардың 3-еуі жабылды, — деді Айгүл Күштаева.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button